Цифрлық трансформация және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру
📌Ғылыми саланы цифрлық трансформациялау жалғасуда. Жобалар, ғылыми ұйымдар, зерттеу нәтижелері және қаржыландыру туралы мәліметтерді біріктіретін «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі қалыптастырылуда. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу ғылыми жүйені басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әзірлемелерді коммерцияландыруға, яғни ғылыми идеяларды дайын технологияға айналдырып, өндіріске енгізуге ерекше назар аударылуда. Мұндай тәсіл білім беру, ғылым, бизнес және мемлекетті біріктіретін бірыңғай инновациялық экожүйені қалыптастырып, елдің ғылыми әлеуетін ұзақ мерзімді технологиялық дамудың негізі ретінде нығайтады.
Отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. 2025 жылы іргелі және қолданбалы зерттеулерді қоса алғанда, 1200-ден астам ғылыми зерттеу аяқталды. Сонымен қатар практикалық қолдануға бағытталған әзірлемелердің саны артып келеді. Коммерцияландыру бағдарламалары аясында жүздеген жоба іске асырылуда, олардың көпшілігі нарыққа шығып, бизнес тарапынан инвестициялар тартуда. Қазіргі уақытта елімізде 241 инновациялық жоба жүзеге асырылуда. 30-дан астам жоба халықаралық нарықтарға шықты, ал жекелеген технологиялар айтарлықтай экономикалық тиімділік пен экспорттық әлеуетін көрсетуде.
Ғылым мен өндірістің табысты ықпалдастығының жарқын мысалдарының бірі – Satbayev University ғалымдарының металлургия саласындағы әзірлемесі. Отандық кәсіпорын базасында алғаш рет вакуумдық дистилляция әдісімен жоғары тазалықтағы техникалық селен алу технологиясы енгізілді. Алынған өнімнің тазалығы 99,5%-ды құрап, өнімнің қосылған құнын едәуір арттыруға және оны экспорттық нарыққа шығаруға мүмкіндік берді.
Перспективалы зерттеулер жаңа материалдар саласында да жүргізілуде. Nazarbayev University ғалымдары отандық шикізат негізінде литий-ионды аккумуляторларға арналған катодтық материалдардың прекурсорларын алу технологиясын әзірледі. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанның жаңа буын энергетикасына арналған компоненттерді өндірудің жаһандық өндірістік тізбектеріне қатысуына мүмкіндік береді.
📱 @KZgovernment